15 тамызда полиция өкілдері Секербаеваны ішкі істер басқармасына әкеліп, қолына сотқа шақыру қағаз берген. Онда сотқа келмеген жағдайда, мәжбүрлі түрде жеткізіледі деп ескерту жасалған.
Секербаева әкімшілік кодекстің 434-бабы, 1-тармағына сәйкес "майда бұзақылық" жасады деп айыпталады. Егер ол кінәлі деп табылса, 10 тәулікке дейін қамауға алынып, бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде (12 025 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.
9 тамызда Алматыда Арбатта акцияға қатысқан Секербаева қолына "Етеккір — бұл ұят, ал зорлау — ұят емес?", "Етеккір — бұл әйелдің құдыретті күші" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған.
Секербаева сотта Арбатқа таныстарын қолдау үшін келгенін, шараны ұйымдастырушы емес екенін айтты. Сотқа Секербаеваны қолдауға бірнеше адам келді.