Олар Қырғызстан үкіметінің ғимараты алдына жиналды. Белсенді топ "Қырғызстан - зайырлы құқықтық мемлекет" деп жазылған плакат, Қазақстан және Қырғызстан туларын, қамаудағы оппозициялық белсендінің суретін ұстап шықты. Акция өткен орынға белсендінің туыстары мен БАҚ өкілдері келді. Оны қауіпсіздік күштері бақылап тұрды.
Акцияны ұйымдастырушылардың бірі - қырғызстандық азаматтық белсенді Ондуруш Токтонасыровтың айтуынша, олар үндеуін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке жолдап, мемлекет басшысынан қамаудағы блогерге босқын мәртебесін беруін талап етеді.
Мұратбек Тұңғышбаевты қырғызстандық арнайы қызмет 10 мамырда Бішкекте тұрып жатқан жерінен ұстады, пәтерінде тінту жүргізді. 21 мамырда Қырғызстанның бас прокуратурасы Тұңғышбаевты Қазақстанға беруді мақұлдады. Отанында оған "қылмыстық топты қаржыландыруға қатысты", "сот экстремистік деп таныған ұйым қызметіне араласты" деген айыптар тағылған. Бұл жерде шетелдегі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысы туралы сөз болған.
Тұңғышбаев аталған қозғалысқа қатысы бар дегенді жоққа шығарды. Ол өзін азаматтық белсенділігі үшін қуғынға ұшарап отырғанын мәлімдеген.