Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Атыраудың теміржол вокзалына белсендіні қарсы алуға оның ондаған туыстары, жақындары және белсенділер жиналған. Олар Талғат Аянды қолдарына түрлі-түсті шарлар және "Қош келдің үйге", "Талғат - батырымыз!!!" деп жазылған плакат ұстап қарсы алған.
Талғат Аян Ақтөбедегі К-168/2 колониясында қамауда отырған. 14 сәуірде Ақтөбе қалалық соты Талғат Аянның түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот шешіміне прокурор қарсы болмаған.
Талғат Аян Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бере келе өзінің "екіұшты" көңіл-күйде екендігін айтқан. Оның себебін ол өзі бостандыққа шыққанымен, кезінде өзімен бірге сотталған белсенді Макс Боқаевтың әлі де түрмеде отырғандығымен түсіндірген.
- Босап шыққалы мені "кешірім сұрапты" деген алып-қашты сөздерді де естіп қалдым. Бірақ мен ешкімнен кешірім сұраған жоқпын, - деді ол.
Белсенді өзі түрмеде отырған кезде қолдау көрсеткендер мен хат жазғандарға да өз алғысын білдірді.
Талғат Аянды қарсы алушылар да өздерінің қуанышты екендіктерін, алдағы уақытта Макс Боқаевтың да босап шығуы керектігін айтты. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Аян мен Боқаевтың босатылуын талап еткен еді.