Пашинян сонымен бірге үкімет басшысы міндетін уақытша атқарып отырған Карен Карапетянмен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты. Бірақ ол келіссөз тек журналистердің қатысуымен өтуі керек дейді.
25 сәуір, сәрсенбі күні Пашинян Армениядағы Ресей елшісі Иван Волынкинмен кездескен. Ресей елшісі өз кезегінде Мәскеу Армениядағы саяси дағдарысқа араласпайды деген.
Ереванда 13 сәуірден бері наразылық акциясы өтіп жатыр. Ел премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті. Ол елді 10 жыл басқарған. Ол соңғы мерзімінде Конституцияға өзгерістер енгізіп, премьер өкілеттігін кеңейткен. Президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін, үкімет басшысы қызметіне келген.
Халық наразылығынан кейін Саргсянмен бірге үкімет те отставкаға кетті. Пашинян мен оның жақтастары премьерлікке "халық атынан кандидат" тағайындалғанша, наразылық шарасын жалғастыра беретінін мәлімдеді.