Оның сөзінше, 2017 жылы сәуірде березовкалық балаларды республикалық медициналық орталықтың дәрігерлері мен профессорлары тексеріп, улануға қатысы жоқ диагноз қойған.
- Барлық бала тексеруден өтті, оларға түрлі диагноз қойылды. Бақылауда болсын деген ұсыныс жасалды. Осы уақыт ішінде жедел түрде ауруханаға жатқызылған жоқ, - деген Әбдірахманова балаларға қойылған диагноздардың бірі "вегетативтік қан тамыры дистониясы" екенін айтты.
24 сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының өкілі әрі "Балалар, әлде мұнай?" коалициясының үйлестірушісі Сергей Соляник березовкалық екі балаға ресейлік дәрігерлер "мидың токсиннен улануы" деген диагноз қойылғанын хабарлаған.
2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады.