Олар биліктен өрт туралы шындықты жасырмай айтуын талап етті. Көпшілік сауда орталығында қаза болған адамдардың ресми санына сенбейді. Олар өрттен жүздеген адам өлді деп есептейді. Митингке қатысушылар құтқарушылардың жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Олар қайғылы оқиғаның әділ әрі мұқият тексерілуін талап етті.
Адамдар "Шындық керек!", "Губернатор отставкаға кетсін!" және "Путин де кетсін" деп айқайлады. Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев акцияға келген жоқ. Жиналған адамдар алдына оның орынбасары Сергей Цивилев шықты. Өлген адамдар тізімін толық жариялауын талап еткен халық талабына Цивилев сауда орталығындағы өрттен кейін із-түссіз жоғалғандар туралы мәліметті полицияға хабарлауын сұраған. Халыққа Кемерово мэрі Илья Середюк шығып, мәліметтердің растығын тексеру үшін мәйітхананы барып көруге болатынын айтқан. Жергілікті тұрғындар бес адамнан тұратын топ құрған, олардың арасында Бірінші арна және Ассошиэйтед пресс журналистері, мэр және тағы бірнеше белсенді бар.
Сейсенбі күні Кемеровоға Ресей президенті Владимир Путин ұшып келді. Ол "Зимняя вишня" сауда орталығы алдында халық жасаған мемориалға гүл қойды. Митингке президент шыққан жоқ.
Президент қайғылы оқиғаның себебін "селқостық" деп атаған.
Кемерово облысының астанасындағы "Зимняя вишня" сауда орталығында өрт 25 наурызда тұтанды. Ресми мәлімет бойынша, өрттен 64 адам опат болған, бірақ куәгерлер қаза болғандар саны одан көп дегенді айтып отыр.