19 наурызда таратылған ашық хатта "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы төрайымы Тамара Калеева мен Қазақстан Журналистер одағының басқарма басшысы Сейітқазы Матаев (Әсет Матаевтың әкесі) Қапшағай қалалық сотының 16 наурыздағы шешімімен келіспейді. Сот "сотталушыны жалпы қоныстану мекемесіне көшіру" жөніндегі өтінішті қанағаттандырмаған. Үндеу авторлары сот шешімін әділетсіз деп есептейді.
Журналистермен кездескен Сейітқазы Матаев өзінің ұлы "кепіл" ретінде отырғанын айтады. «4 желтоқсанда мен түрмеден шықтым. Мен ешқандай саяси мәлімдеме жасаған жоқпын. Менің басты міндетім — ұлымның бостандыққа шығуы. Бүгін мен баспасөз мәслихатына шығуыма тура келді. Себебі менің ұлымның тағдыры тұр», - деді Сейітқазы Матаев.
Қапшағай қалалық соты 16 наурыз күні 33 жастағы Әсет Матаевтың жазасын жеңілдетіп, жазасының қалған мерзімін қоныс колониясында (жаңа қылмыстық-атқару кодексі бойынша қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесі) өтеу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
2016 жылы қазанның 3-інде Астана соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "салықтан жалтарды және қаржы жымқырды" деп айыптап, алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды және істі "тапсырыспен жасалған" деп біледі.