Ссылки доступа

Тәжік билігі тыйым салынған партия мүшесін Стамбулдан алдырғанын жасырып отыр


Тәжік билігі тыйым салынған Тәжікстан ислам өркендеу партиясының белсендісі Нуъмонджон Шарифовтың Түркиядан экстрадицияланғаны туралы мәлімет бермей отыр.

Ұсталған белсендінің адвокаты Шарифовты Тәжікстанға 16 ақпанда жеткізгенінадам құқығын қорғаушыларға хабарлаған.

Әділет министрлігінің тергеу абақтысы мен астаналық милиция бөлімінің тергеу абақтысындағылар бұған қатысты сауалдарға жауап беруден бас тартты. Фирдавси ауданына қарасты ішкі істер департаментіндегі дереккөз жабық мекемеде ұсталғандар тізімінде мұндай адам жоқ екенін хабарлаған. Шарифовтың туыстары да хабарсыз отыр.

Халықаралық Human Rights Vision Foundation адам құқығын қорғау ұйымының 19 ақпанда хабарлауынша, Стамбулда ұсталған Нуъмонджон Шарифов Тәжікстанға жеткізілген.

Нуъмонджон Шарифовты биыл ақпан айының басында түрік полициясы тәжік билігінің сұрауымен ұстаған. Human Rights Vision Foundation мәліметі бойынша, отанында Шарифовты "қылмыстық топ құрды" және "конституциялық құрылымды өзгертуге шақырды" деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG