«Заңға бағынышты нормативтік-құқықтық актілер, тіпті эскиздер қабылданады. Әрбір сақалға тыйым салынбайды, кескіндері мен ерекше сипаттары айқындалады. Бұл жерде әңгіме кез-келген сақал, дін қызметкері туралы болып жатқан жоқ. Әңгіме деструктивті діни ағымды ұстанатын адамдарға қатысты. Мұнда сыртқы белгілерімен қатар олардың не айтатыны, нені насихаттайтыны рөл атқарады» деді министр.
Ермекбаевтың сөзінше, деструктивті діни ағымды қалай ажыратуға болатынын мамандар анықтайды. «Сақалының ұзындығы да, басқа белгілері – барлығы жазылады. Егер бір ғана белгісі болса, мысалы қысқа балақ шалбар ғана киіп жүрсе немесе мүлдем дін ұстанбаса оған ешқандай шара қолданылмайды» деді Нұрлан Ермекбаев.
Ол сонымен қатар заң жобасында 16 жасқа толмаған балалар діни құлшылық орындарына және құлшылық жасауға ата-анасымен немесе туыстарымен бірге ғана баруға рұқсат беретін бап барын айтты.