Министрлік сайтында жарияланған тізімге Азат Еуропа/Азаттық Радиосы (АЕ/АР), "Америка дауысы", "Настоящее время" телеарнасы, Радио Свободаның (АЕ/АР-дің Орыс редакциясы) Татар-башқұрт қызметі (AzatliqRadiosi), "Фактограф", АЕ/АР-дің "Idel.Реалии", "Кавказ.Реалии", "Крым.Реалии" жобалары енгізілген.
Ресейде қарашаның ортасында билікке шетелден қаржы алатын бұқаралық ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп жариялауға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Заң бойынша, мұндай БАҚ әділет министрлігіне тіркеліп, есеп беруі тиіс болады.
Ілгеріде Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа-корпорациясының жобалары «Свобода» радиосы мен "Настоящее время" телеканалдарына жұмысы шектелуі мүмкін екенін хабарлаған. Мұндай хатты корпорацияның Ресейдегі "Idel.Реалии" және "Сибирь.Реалии" жобалары да алған. Әділет министрлігінің хатында заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін қандай шаралар қабылданатыны нақты көрсетілмеген.