Ссылки доступа

Бішкекте бір топ оппозициялық саясаткер сотталды


Қырғызстан астанасындағы Первомайский аудандық соты 2 тамызда парламенттің бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер Садыр Жапаровты 11,5 жыл түрме жазасына кесті.

Оған "адамды кепілге алды", "бұзақылық жасады", "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыптар тағылған. Жапаров 2013 жылғы қазанда Қарақолда өткен митингіге қатысқан. Наразы топ Құмтөр кенішінің маңында Ыстықкөл облысының өкілін жібермей, күшпен ұстап қалған еді. Жапаров тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

Дәл осы сот сәрсенбі күні оппозициялық саясаткерлер Бекболот Талгарбеков пен, Торобай Колубаевты 14 жылға, Александр Гусев пен Тойгонбек Калматовты шартты түрде екі жылға, Марат Султановты 10 жылға соттады. Бұл сотталушыларға "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айып тағылған.

Барлық айыпталушылар былтырдан бері Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында отырған.

Бұған дейін 17 сәуірде Первомайский аудандық соты Эрнест Карыбековке 20 жыл, Кубанычбек Кадыров пен Бектур Асановқа 12 жыл түрме жазасын кесіп, Дастан Сарыгуловты төрт жылға шартты түрде соттаған. Бұларға да "төңкеріс жасамақ болды" деген айып тағылған еді.

Туыстары мен азаматтық белсенділер сотталғандар саяси себеппен қуғынға ұшырады, еш негізсіз түрмеге жабылды деп санайды. Айыпталушылардың адвокаттары апелляциялық арыз түсірмек.

XS
SM
MD
LG