Ссылки доступа

Қырғыз офицері террористерді ұстау кезінде жараланды


Қырғызстанның МҰҚК арнайы бөлімшесінің бір қызметкері Бішкекте халықаралық террорлық ұйымның екі мүшесін ұстау кезінде жарақат алды.

Бұл туралы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаралы офицердің жағдайы қазір орташа деп бағалануда. Бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.

Құзырлы орган өкілінің хабарлауынша, желтоқсанның 10-ы, түнде Бішкектің «Восток-5» ықшамауданында МҰҚК қызметкерлері халықаралық террорлық ұйымның бөлімшесі боп табылатын қылмыстық топты қоршауға алған. Қарулы қарсылық көрсеткен күдіктілер қаза тапқан.

Қолда бар дерек бойынша, лаңкестік ұйымның екі мүшесінің Бішкек ықшамаудандарының бірінде полиция қызметкерін өлтіру секілді бірнеше ауыр қылмысқа қатыстары бар.

Марқұмдардың 2015 жылы шілденің 16-да Бікшектегі лаңкестікке қарсы операция барысында жойылған Т. Жұмағұловтың террорлық тобымен тұрақты байланысып тұрғаны анықталды.

Тергеу орындары жойылған топтың Бішкек қаласы мен Шу облысында лаңкестік әрекет ұйымдастыруды көздегенін анықтады. Арнайы операция кезінде өлген қылмыскерлердің жанынан оқ-дәрісі бар 4 Макаров тапаншасы, Ф-1 гранаталары, қолдан жасалған жарылғыш зат пен оның бөлшектері, бірнеше мобильді телефон мен бетперделер табылған. Қырғызстан МҰҚК қылмыстық іс бойынша тергеу-іздестіру амалдарын жалғастыруда.

XS
SM
MD
LG