Президент Обама бұған дейін Клинтонның мемлекеттік хатшы қызметін атқарғанда, АҚШ қауіпсіздігіне маңызды мәселелер бойынша, мысалы, Әл-Қайда террорлық жүйесінің басшысы Усама бин Ладеннің көзін жою операциясын талқылағанда жинаған тәжірибесіне көбірек тоқталып, президент болуға лайықты саясаткерге айналғанын атап өтті.
«Жағдай шиеленісіп тұрған сәтте де ол жұрттың пікірлеріне құлақ асады, салқынқандылық танытады, басқаларға құрметпен қарайды... Ол - Хиллари Клинтон. Мен оны жақсы білемін және қатты сыйлаймын. Сол себепті, мен АҚШ президенттігіне ел тарихында одан асқан лайықты ер немесе әйел үміткер болған емес деп нық сеніммен айта аламын», - деп мәлімдеді Барак Обама.
Обама үшін бұл ерекше күн болды. Осыдан 12 жыл бұрын Иллинойстың сол кезде аса танымал емес сенаторы демократтар съезіндегі жалынды сөздерімен көпшіліктің есінде қалған еді. Сәрсенбі күні ол америкалықтардың үмітін тағы үкілеп өтті. «Мен білетін Америка болашағына зор үмітпен қарайды. Мен білетін Америка тәртіп пен берекені жақтайды», - деді президент